«Таза Қазақстан»: Ақтауда көктем маусымы басталғалы 400-ге жуық ағаш егілді

«Таза Қазақстан»: Ақтауда көктем маусымы басталғалы 400-ге жуық ағаш егілді

11 сәуір күні Ақтау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 50 түп үйеңкі ағашы отырғызылды.

Аталған экологиялық іс-шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, әкім орынбасарлары, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы, бөлім басшылары және «Грин сити Ақтау» ЖШС қызметкерлері қатысты.

Сенбілік барысында қала әкімі коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ол қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, соңғы жылдары биік әрі қалыптасқан ағаштарды отырғызу тәжірибесі қолға алынғанын жеткізді.

- Қаламыздың гүлденіп, көркеюіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жасыл желекті баптап, әр талдың тамырына жан бітіріп жүрген де – өздеріңіз. Былтырдан бері біз шыбық емес, бой түзеген биік ағаштарды отырғызуды дәстүрге айналдырып келеміз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналықтың мәні де осында. Ерен еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Әбілқайыр Байпақов.

Айта кетейік, биыл қала аумағында 2 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 400-ге жуығы егілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі