Маңғыстаулықтар Ұлы Отан соғысының ардагерін ақтық сапарға шығарып салды

Маңғыстаулықтар Ұлы Отан соғысының ардагерін ақтық сапарға шығарып салды
6 сәуір күні Ақтау қаласында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Салазкинді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Ақтау қалалық мәслихат және қоғамдық кеңес төрағалары, қорғаныс істері саласының өкілдері, зиялы қауым, ардагерлер мен марқұмның туыстары қатысты.

Қаралы жиында аймақ басшысының орынбасары Аббат Өрісбаев облыс әкімінің атынан марқұмның туыстарына көңіл айтып, Василий Салазкинның майдандағы ерлігі мен елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.

Салтанатты рәсімнің соңында марқұм Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштері әскери оркестрінің азалы әуенімен соңғы сапарға шығарып салынды.

Василий Салазкин – ел басына күн туған сындарлы кезеңде Отан қорғау жолында ерлік көрсеткен, бейбіт өмірдің орнауына өлшеусіз үлес қосқан ардақты майдангер. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 99 жасында дүниеден озған ол — қайсарлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Оның ерлігі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталып, елге қызмет етудің биік өлшемі болып қала береді.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі