
Ақтау қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жоспарлы көгалдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Аталған шара барысында қаланың жасыл қоры 100-ге жуық жаңа ағашпен толықты. Атап айтқанда, мамандар жергілікті климатқа төзімді акация және үйеңкі (клён) ағаштарын отырғызды. Көгалдандыру жұмыстары 10-шағын ауданда 20 түп ағашты және 4а-шағын ауданда 70 ағашты қамтып, жалпы саны 90-ға жуық жас ағаш егілді.
Ағаш отырғызу процесі барлық агротехникалық нормаларға сай жүргізілді. Көшеттердің тамыр жайып, тез жерсінуі үшін арнайы минералды қоспалар пайдаланылды. Бұл ағаштар алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы микроклимат қалыптастырып, шаһардың сәулеттік келбетін ажарландыра түспек.
Айта кетейік, көктемгі көгалдандыру маусымы аясында қаланың өзге де аумақтарында жасыл желектерді егу және күтіп-ұстау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі