
2 сәуір күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов шаһарды абаттандыру жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қала басшысына жаяу жүргіншілер жолдары салынған аумақтар бойынша есеп берілді.
Жүрмелі жиын барысында қала әкімі тұрғындардың сұранысындағы 8А және 23-шағын аудандарының жол жиегіндегі аумақтарында жаяу жүргіншілер жолағының құрылысын бастауды міндеттеді.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар, балалар арбасымен жүретін тұрғындарға қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы аумақты тұрғындар жиі көтереді. Әсіресе, бұл жолмен студенттер көп қатынайды. Сондықтан да белгіленген мерзімде жұмысты сапалы атқарып, аяқтаңыздар», – деді Әбілқайыр Байпақов.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін қала аумағында шамамен 4 мың шаршы метрге жуық жаяу жүргінші жолы салынып, жөнделді. Жалпы, жыл соңына дейін 25 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолын салу жоспарланып отыр.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі