Ақтауда жаңа балалар кітапханасы ашылды

Ақтауда жаңа балалар кітапханасы ашылды

1 сәуір күні Ақтау қаласы 11 шағын аудан 16 үйде №2 қалалық балалар кітапханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айрықша маңызға ие мәдени шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп, белгілі сатирик-жазушы, сазгер Ерекен Қорабаев, балалар ақыны әрі композитор Көмек Ыбырайұлы, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен жас оқырмандар қатысты.

Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кітапхананың өскелең ұрпақтың рухани дамуы мен дүниетанымын қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті.

— Абыз тұлға Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Мемлекет басшысы да ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруда кітап оқу мәдениетін дамытудың маңызын үнемі атап келеді. Осы орайда, жаңа кітапхананың ашылуы — жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, олардың білім деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам, — деді Бекзат Жүсіп.

Іс-шара барысында мектеп оқушылары өнерлерін ортаға салып, күй тартып, көркемсөз оқу арқылы өз шеберліктерін паш етті. Жас дарындардың өнері қонақтарға ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтау қалалық орталық кітапхана жүйесінде 7 филиал жұмыс істейді. Бүгін пайдалануға берілген №2 балалар кітапханасы Халықаралық балалар кітабы апталығы аясында ашылып, жас оқырмандар үшін заманауи талаптарға сай жабдықталған мәдени-рухани орталыққа айналмақ.

Қазіргі уақытта қалалық кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры 182 057 дананы құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны 78 344-ке жеткен. Оқырмандардың жалпы саны 18 142 адамды құраса, оның басым бөлігін 8 434 бала мен 3 112 жасөспірім құрайды. Жаңа кітапхана филиалының ашылуы аталған көрсеткіштердің одан әрі артуына, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға кең мүмкіндік береді.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі