Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

18 наурыз күні Ақтау әкімдігінде қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сьезбек Кариповтың төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Жиын барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру саласындағы өзекті мәселелер және денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі қаралды.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, қалалық емханалар мен ауруханаларда халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету және кадрлық әлеуетті күшейту бағытында қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Сонымен қатар, қала мектептерінің қазіргі жағдайы мен оларды дамыту перспективасы қарастырылып, оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу және ата-аналар комитеттерінің тиімділігін арттыру мәселелері көтерілді.

Жиында қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары мен қалалық білім бөлімінің басшысы өз салалары бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.

Атап өтілгендей, 2026 жылғы 10 наурыздағы облыстық мәслихат сессиясының шешіміне сәйкес, Ақтау қаласының бюджетіне халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қаражат бөлініп, 290 пәтер сатып алу жоспарланған. Кредиттік тұрғын үйді сатып алу «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, білім бөлімінің басшысы мектептердегі тәрбие жұмыстары, оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас мәдениеті мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы баяндады.

Жиын қорытындысы бойынша қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.

- Қоғамдық кеңес – тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалог алаңы. Бүгінгі қаралған мәселелер халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттарды қамтиды. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы сапаны арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру – басты міндеттердің бірі. Біз бұл мәселелерді жүйелі түрде бақылауда ұстап, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет, – деді қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сьезбек Карипов.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі