
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлының төрағалығымен өткен жүрмелі жиынға қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, «АЕЖБ» МКК, полиция басқармасы, сондай-ақ қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – саябақтағы санитарлық жағдайды бақылау және абаттандыру талаптарының орындалуын тексеру болды.
Тексеру барысында абаттандыру талаптарына сәйкес келмейтін аумақтар, қоршауды қажет ететін қауіпті учаскелер, сондай-ақ заң талаптарына сай келмейтін ретсіз орналасқан сауда нүктелері анықталды. Мониторинг нәтижесінде санитарлық тазалықтың тиісті деңгейде сақталмауы, кейбір нысандардың белгіленген талаптарға сай орналастырылмауы сияқты бірқатар кемшіліктер тіркелді.
Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары кәсіпкерлік субъектілеріне қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 3 күн мерзім белгіледі. Сонымен қатар, жауапты мекемелерге аталған жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, саябақ аумағында тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
- Ақбота саябағы – қала тұрғындары мен қонақтары жиі келетін маңызды қоғамдық кеңістіктердің бірі. Сондықтан мұндағы санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптары әрдайым жоғары деңгейде сақталуы тиіс. Алайда жүргізілген тексеру барысында бірқатар олқылықтар анықталды. Әсіресе, кейбір кәсіпкерлер тарапынан белгіленген талаптардың толық орындалмауы байқалады. Егер талаптар сақталмаған жағдайда, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады. Қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен тәртібі – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деді Бекнұр Бәлиұлы.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.