Бейбіт болашақ үшін: Маңғыстауда Ұлы Отан соғысының ардагері үйінде дауыс берді

Бейбіт болашақ үшін: Маңғыстауда Ұлы Отан соғысының ардагері үйінде дауыс берді

 

Ақтауда республикалық референдум барысында Маңғыстау облысында тұратын, 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Салазкин өз таңдауын жасады. Соғыс жылдары ол Отанын қорғап, елдің бейбіт болашағы үшін күрескен болса, бүгін тағы да азаматтық ұстанымын білдірді.

Құрметті ардагер денсаулық жағдайына байланысты №34 сайлау учаскесінің жылжымалы дауыс беру жәшігі арқылы үйінде дауыс берді. Учаскелік комиссия мүшелері оның үйіне барып, заң талаптарына сәйкес дауыс беру рәсімін ұйымдастырды.

Егде жасына қарамастан, соғыс жылдары Отанын қорғап, бейбіт өмірдің орнауына үлес қосқан ардагер ел үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиғадан шет қалмай, елдің бейбіт болашағы үшін өз таңдауын жасады.

Айта кетейік, референдум күні денсаулық жағдайына немесе басқа себептерге байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін жылжымалы жәшік арқылы үйінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл барлық азаматтардың ел үшін маңызды оқиғаға қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Василий Салазкин өңір тұрғындарына да үндеу жасап, бейбіт өмірдің қадірін білу және оның қандай жоғары бағамен келгенін ұмытпау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, соғыстың ауыр жылдары бүкіл халық үшін үлкен сынақ болды. Алайда сарбаздардың батылдығы мен жанқиярлығының арқасында елдің еркіндігі мен болашағы қорғалды.

Ардагер бүгінгі таңда бейбітшілікті, бірлікті және тұрақтылықты сақтау ерекше маңызды екенін айтты. Ол қазіргі ұрпақ тарихты ұмытпай, ардагерлердің ерлігін құрметтеп, өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті.

Василий Салазкиннің айтуынша, бейбіт өмір — қастерлі аманат, оны қорғау ең басты құндылық.

«Мен осы бейбіт күн үшін соғыстым. Берекелі өмірдің қадірін біліңдер және балаларымыз бен немерелеріміздің лайықты болашағын қамтамасыз ететін шешімдер қабылдаңдар», — деді Василий Салазкин.
 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі