"Парасат" орденінің иегері Рухия Батыршиева: Мұндай игі шаралар қоғамдағы ынтымақ пен рухани бірлікті нығайта түседі
Бүгін Ақтау қаласындағы референдум учаскелерінің бірінде “Парасат” орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Абыл Тарақұлы» атындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі Рухия Батыршиева өз таңдауын жасап, дауыс берді.
Дауыс беру рәсімінен кейін өнер иесі учаскеге келген қала тұрғындарына арнап ән орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өнер майталманы саяси науқанның маңыздылығына тоқталып, мұндай маңызды қоғамдық шаралардың халықты бірлікке үндейтін рухани алаң екенін атап өтті.
— Бүгінгі референдум – еліміздің болашағына қатысты маңызды саяси оқиға. Осындай тарихи сәтте халықтың бірлігі мен белсенділігі айқын көрінеді. Біз, өнер адамдары, елмен бірге болып, дауыс беріп, кейін өнеріміз арқылы тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды азаматтық парызымыз деп білеміз. Мұндай игі шаралар қоғамдағы ынтымақ пен рухани бірлікті нығайта түседі. Қазақстанымыз гүлденіп, жайнай берсін, – деді Рухия Батыршиева.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі