
Бүгін, 11 наурыз күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов Қарақалпақстан Республикасының танымал әншісі, сазгер әрі ақын Шираз Нұратдиновты қабылдады.
Кездесу барысында шаһар басшысы өнер мен мәдениеттің халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды. Әкім шығармашылық тұлғалардың мәдени байланыстарды дамытудағы рөлі зор екенін атап өтіп, әншінің өнеріне жоғары бағасын білдірді. Сонымен қатар ол өнер иесінің орындауындағы «Досым бар менің Ақтауда» әні Қазақстан жұртшылығына кеңінен танымал екенін, әсіресе Ақтау қаласының тұрғындары арасында үлкен ықыласқа ие туынды екенін атап өтті.
– Ақтау қаласының тұрғындары сіздің шығармашылығыңызды жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Әсіресе «Досым бар менің Ақтауда» әні шаһар тұрғындарының жүрегінен орын алған ерекше туындылардың бірі. Осы әніңіз арқылы Ақтау қаласының беделі артып, шаһарға келетін қонақтардың саны көбейіп келеді. Өнер – халықтарды жақындастырып, мәдениеттерді тоғыстыратын үлкен күш. Сіздің шығармашылығыңыз осы достықтың жарқын көрінісі деп білемін, – деді қала әкімі.
Кездесу соңында қала әкімі қазақтың дәстүріне сай қонақкәде ретінде әншіге шапан жауып, Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ақтау қаласының атынан естелік сыйлық табыстады.
Өз кезегінде Шираз Нұратдинов көрсетілген құрмет пен жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Ақтау қаласына әрдайым ерекше ықыласпен келетінін және қала жұртшылығымен қайта қауышуға қуанышты екенін жеткізді.
Айта кетейік, әнші жұбайы Инабат Жұманиязовамен бірге 9 наурыз күні Ақтау қаласында жеке концертін өткізіп, қала тұрғындарына әсерлі өнер кешін сыйлады.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі