
Бүгін Ақтау қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысып, қала әкімі Әбілқайыр Байпақов оларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
Қала әкімі құттықтау сөзінде әйел-аналардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталып, олардың отбасы мен ел өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
- Бүгінгі көктемнің шуақты мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге құрмет көрсетіп, марапат табыстау үшін арнайы бас қосып отырмыз. Адам бойындағы мейірім мен жақсылық атаулының бастауы – ана. Тіршіліктің тірегі де, өмірдің мәні де ананың жүрегінен бастау алады. Сіздер қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп, ел дамуына зор үлес қосып келесіздер, — деді қала әкімі.
Іс-шара барысында әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар әйел азаматшаларға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі