Ақтау қаласының әкімі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын назарға алды

Ақтау қаласының әкімі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын назарға алды

Бүгін, 4 наурыз күні Ақтау қаласында қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен кеңейтілген жүрмелі жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қалалық бөлімдердің басшылары, сондай-ақ мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

Жүрмелі форматта өткен жұмыс сапары барысында қала басшылығы бірқатар проблемалық аймақтарды аралап, нысандардың нақты жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, санитарлық тазалық, заңсыз орналасқан сауда нысандары, абаттандыру жұмыстарының сапасы, жол инфрақұрылымы, бағдаршамдар мен жол белгілерінің жағдайы, қоқыс үйінділері және өзге де коммуналдық мәселелер қаралды.

Қала әкімі тиісті бөлім басшылары мен мердігер ұйымдарға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, қала аумағындағы ірі қоқыс үйінділерін 10 күннің ішінде толықтай тазалау міндеттелді.

- Қала тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әрбір көше, әрбір аула тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуы тиіс. Анықталған кемшіліктер жедел түрде жойылып, жұмыстардың сапасы қатаң бақылауда болады. Белгіленген мерзімдер нақты орындалуы қажет, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, жақын арада орта жолақтардағы бағдаршамдарды, жол белгілерін жуу және тазалау, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру, сондай-ақ шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Абаттандыру және санитарлық тазалық бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейту қажеттігі атап өтілді.

Жүрмелі жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты мекемелерге нақты мерзімдер бекітіліп, орындалу барысы қала әкімінің тікелей бақылауына алынды.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі