26 ақпан күні Ақтау қаласы әкімдігінде шаһар басшысы Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен жаңартылған инженерлік желілерден кейінгі абаттандыру жұмыстарын пысықтауға арналған кеңейтілген жұмыс жиыны өтті.
Жиынға Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, су ресурстары және ирригация басқармасы, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК, сондай-ақ тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелер мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қыдырберген Балиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024–2025 жылдары қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, су құбыры мен су бұру желілерін ауыстыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылған.
Алайда бірқатар шағын аудандарда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанымен, қазылған аумақтарды толық қалпына келтіру, асфальт жабындысын төсеу, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тиісті деңгейде орындалмай отырғаны атап өтілді. Сонымен қатар электр, су және кәріз желілеріндегі апаттық ақаулардан кейінгі қалпына келтіру шараларының жекелеген жағдайларда уақытылы жүзеге аспай жатқаны сөз болды.
— 2024–2025 жылдары инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Дегенмен кейбір мердігер ұйымдар бұзылған аумақтарды толық қалпына келтіруді аяқтамаған. Апаттық жағдайлардан кейінгі жұмыстар да кей кездері кешіктірілуде. Соның салдарынан қазылған жерлер ашық қалып, тұрғындарға және көлік қозғалысына қолайсыздық тудыруда, — деді Қыдырберген Балиев.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басқармалар мен мердігер мекемелерге барлық қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды.
— Жұмысына салғырт қарайтын мердігерлер болса, тиісті шаралар қабылдаңыздар. Тұрғындардың талап қоюы — заңды. Барлық кемшіліктерді жоюға 3 наурызға дейін уақыт беремін. Егер осы мерзімге дейін жұмыстар толық аяқталмаса, тиісті шешімдерді өзіміз қабылдаймыз, — деді Әбілқайыр Байпақов.
Еске салайық, Ақтау қаласында 2024-2025 жылы барлығы 80 шақырымнан астам жылу, су, кәріз желілері жаңартылды.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі