
23 ақпан күні Ақтау әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлының төрағалығымен 2026 жылғы 25–27 ақпан аралығында облыс көлемінде өтетін «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық барысы талқыланды.
Жиынға қала әкімдігінің бөлім басшылары, азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері және Ақтау қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Комиссия отырысында көктемгі кезеңде орын алуы мүмкін су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары, құлақтандыру жүйесінің дайындығы, эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда күштер мен құралдардың жедел әрекет ету алгоритмі жан-жақты қаралды. Сонымен қатар жауапты мекемелердің материалдық-техникалық базасы мен арнайы техниканың әзірлігі туралы есептері тыңдалды.
– Көктемгі су тасқыны кезеңі – аса жауапты уақыт. Сондықтан барлық қызметтердің дайындығы пысықталып, өзара іс-қимыл тетіктері нақты үйлестірілуі қажет. Оқу-жаттығу барысында әрбір құрылымның іс-әрекеті тәжірибе жүзінде тексеріліп, анықталған кемшіліктер дер кезінде түзетілуі тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет, – деді Бекнұр Бәлиұлы.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау және оқу-жаттығуды сапалы түрде өткізу міндеттелді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі