Ақтауда пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелердің басшыларымен жаңа Конституцияның мазмұндық тұжырымын түсіндіру мақсатында кездесуі өтті.
Кездесуге Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Киікбай Ешманов, Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Закенов, сондай-ақ тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында қатысушыларға жаңа Конституцияның құрылымы мен өзектілігі жан-жақты түсіндірілді. Жаңа Конституцияда 77 бапқа өзгеріс енгізілгені аталып өтті. Сонымен қатар, жаңа Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер талқыланды.
Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Заңғар Оразай жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.
-Аталған Конституцияның бұрынғы Конституциядан өзгешелігі – оның 84%-ы жаңартылған. Қазіргі таңда өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі кездесуде жаңа Конституцияның елімізге қандай өзгерістер әкелетіні және оның бұрынғы Конституциядан негізгі айырмашылықтары туралы айтылды, - деді Заңғар Оразай.
Кездесу барысында қала тұрғындары жаңа Конституцияға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға және қоғамда ашық диалог қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі