Ақтау қаласы әкімдігінің 2025 жылы атқарған жұмыстары талқыланды

Ақтау қаласы әкімдігінің 2025 жылы атқарған жұмыстары талқыланды
Бүгін, 4 ақпан күні Ақтау қаласы әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау бағытында 2025 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Жиынға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы, қалалық ардагерлер мен қоғамдық кеңес өкілдері, сондай-ақ қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Отырыста Ақтау қаласы әкімінің аппарат басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Асқар Нұржаубай 2025 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік қызмет саласында кәсіби әрі тұрақты кадрлық әлеуетті қалыптастыру, мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаттарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағыттарында бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылған.

– 2025 жылы Ақтау қаласы әкімдігі тарапынан барлығы 130 конкурс өткізілді. Оның ішінде 33-і ішкі, 97-сі жалпы конкурс. Нәтижесінде 51 қызметкер мемлекеттік қызметке қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді оқыту жоспары артығымен орындалды. Өткен жылдың 12 айында қала әкімдігінің 31 мемлекеттік қызметшісіне тәртіптік жаза қолданылды. Бұл негізінен қызметтік міндеттерді уақытылы орындамау, азаматтардың өтініштеріне кеш жауап беру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына байланысты. Сондай-ақ 2025 жылы Ақтау қаласының әкімдігі 64 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 55 424 қызмет көрсетті, – деді Асқар Нұржаубай.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен әдептілігі мемлекеттік органдарға деген сенімді қалыптастырудың негізгі тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің негізгі қызмет бағыттарына жан-жақты тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы превенциялық функциялардың енді Агенттіктің құзыретіне берілгенін жеткізді.

Жиыннан кейін департамент жанындағы ведомстволық жұмыс тобының мүшелері қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша мониторинг жүргізді. Тексеру барысында мемлекеттік қызметшілер өзекті мәселелерді көтеріп, жұмыс үдерістерін жүйелеу бағытында ұсыныстарын білдірді.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі