Ақтауда әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізілді

Ақтауда әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізілді

 1 қаңтар күні Ақтауда Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде қала бойынша баға деңгейінің тұрақты екені анықталды.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірде Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Каспий» әлеуметтік дүкендер желісінде негізгі азық-түлік өнімдері ұсынылуда. Бұл шаралар тұрғындар үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған мониторингтің басты мақсаты – мереке қарсаңында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мерекеден кейінгі кезеңде баға тұрақтылығын сақтау.

- Мерекелік кезеңде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақты болуы – басты назардағы мәселе. Осы бағытта күнделікті мониторинг жүргізіліп, қажетті алдын алу шаралары қабылдануда. Бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді, – деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев

Қазіргі таңда өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 31 атауы бекітілген. Бұған дейін бұл тізім 19 тауардан тұрған. Жаңартылған тізімге алма, шай, қызанақ, қияр, қаймақтың бірнеше түрі, сондай-ақ сүт және ет өнімдерінің кеңейтілген санаттары енгізілді. Атап айтқанда, сиыр етімен қатар жылқы және қой еті, олардан дайындалған фарш, сондай-ақ құс етінің тұтас және бөлшектелген түрлері әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына қосылды.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі