
Бүгін, 24 желтоқсан күні Ақтау қаласында №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне арналған ерекше форматтағы жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-мойоры Сағындық Аяғанов, Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Закенов, облыстық әкімдік өкілдері мен мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында қала әкімі орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, балаларға арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады.
– Ерекше балалармен тынымсыз еңбек етіп, олардың тәрбиесі мен дамуына үлес қосып отырған орталық қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Қала тұрғындары атынан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін балалардың арман-тілектері орындалып жатыр, бұл біз үшін үлкен қуаныш. Келе жатқан Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Сүйіндік Ризаның бастамасымен «50 балаға – 50 ерекше хат» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Аталған жоба аясында орталықтағы 50 бала өз арман-тілектерін хатқа жазып, ол хаттар қаладағы жанашыр әрі мейірімді азаматтарға жолданды. Нәтижесінде акция қатысушылары балалардың тілектерін орындап, сыйлықтарды өз қолдарымен табыс етті.
– Балалардың қуанышты көңіл күйін көру – үлкен бақыт. Қандай жағдайда болса да олардың жүзінен шаттық пен үмітті байқадық. Осындай игі іске үлес қосқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Балалардың спортқа да, өнерге де бейімділігі байқалады. Себебі олар көбіне спорттық киім, микрофон, колонка, қолөнерге арналған жабдықтар сынды сыйлықтарды қалаған. Бұл – олардың шығармашылық әлеуетінің айқын көрінісі, – деді Сүйіндік Риза.
Мерекелік кеш жылы әрі көтеріңкі көңіл күйде өтіп, балалар ән шырқап, би билеп, Жаңа жылдық шаттыққа бөленді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі