Ақтауда жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды

Ақтауда жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды

 22 желтоқсан күні, Ақтау қаласында теңіз жағалауында орналасқан «Амфитеатр» алаңында дәстүрлі жаңа жылдық бас шыршаның шамын жағу салтанатты рәсімі өтті.

Мерекелік іс-шара барысында ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетіліп, ән мен биге толы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жылдық думанға белсене қатысып, көтеріңкі көңіл күй мен мерекелік атмосфераны бірге сезінді.

Салтанатты кешке Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп қатысып, жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Құттықтау сөзінде ол өткен жылға қорытынды жасап, 2025 жылдың Ақтау қаласы үшін айрықша мәнге ие болғанын атап өтті.

- Тағы бір жылды шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алуға Ақмаржан Ақтаудың жүрегінде, шырша шамын жағу сәтіне куә болғалы тұрмыз. 2025 жыл – Ақтау қаласы үшін ерекше жыл болды. Қала «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін абыроймен атқарып, бауырлас елдерден қонақтар қабылдап, нағыз рухани орталыққа айналды. Жылан жылы Ақтауда игі жаңалықтармен, табыстармен есте қалды. Біздің ең үлкен байлығымыз – қаланың еңбекқор, білімге құштар, ниеті таза тұрғындары. Сіздер – Ақтаудың дамуына үлес қосып жүрген жасампаз азаматтарсыздар. Ардақты ағайын, Жаңа жыл құтты болсын! – деді Бекзат Жүсіп.

Іс-шараның шарықтау шегінде Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен көпшілікпен бірге айтылған сиқырлы сөздер арқылы бас шыршаның шамы салтанатты түрде жағылды. Бұл әсерлі сәт алаңға жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленіп, мерекелік кештің көркін аша түсті.

Мереке аясында балаларға арналған ойындар мен викториналар ұйымдастырылып, қатысушыларға тәтті сыйлықтар таратылды. Концерттік бағдарлама жаңа жылдық әндермен жалғасып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан мерекелік кеш жоғары деңгейде қорытындыланды.

Айта кетейік, Ақтау қаласында жаңа жылдық безендірілген шыршалардың бірі 19А шағын ауданында да орналасқан.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі