Ақтауда Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Ақтауда Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

13 желтоқсан күні Ақтау қаласының 36-шағын ауданында орналасқан «Көтерме сауда базары» аумағында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Аталған шараға Батыс Қазақстан аймағынан 10-нан астам кәсіпкер қатысып, қала тұрғындарына екі күн бойы ауыл шаруашылығы және тағам өнімдерінің 48-ге жуық түрін ұсынды. Сатылымда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қатар, кең ассортименттегі өзге де өнімдер ұсынылды.

Жәрмеңке сөрелерінде сары май, ет және ет өнімдері, айран, құрт, құс еті, жұмыртқа және күнделікті тұтынуға арналған басқа да тағам түрлері қойылды. Барлық өнімдер жергілікті шаруашылықтарда өндіріліп, тұтынушыларға тікелей жеткізілді.

Қала тұрғындары өнімдердің сапасы мен бағасына оң бағаларын беріп, жәрмеңкеге белсенді қатысуда. Шара «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, өнімдер жеңілдетілген бағамен сатылды.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі