
Сұйытылған газ құю бекеттерінде тұрмыстық мақсаттағы газ баллондарын толтыруға қатаң тыйым салынған. Осы талаптың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Ақтау қаласы аумағында қала әкімдігі мен Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп, газ құю бекеттерінде профилактикалық рейдтік іс-шара жүргізді.
Қолданыстағы қауіпсіздік нормаларына сәйкес, сұйытылған көмірсутекті газды сақтауға арналған резервуарлар геометриялық көлемінің 85%-ына дейін ғана толтырылуы тиіс. Сондай-ақ асыра толтыруды автоматты түрде болдырмайтын қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі қажет.
- Аталған талаптар сақталмаған жағдайда, кінәлі тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Заманбек Оңғарбаев.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі