
Бүгін, 4 желтоқсан күні Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен, қалалық қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Жас Қыран – 2025» қалалық жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды.
Салтанатты жиынға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қатысып, түрлі салада белсенділігімен көзге түсіп, қала дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас мамандарды құрмет төріне шығарды. Өз сөзінде қала басшысы жастардың әлеуметтік-экономикалық өрлеуге қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
– Ақтау қаласының жастары – қоғамның қозғаушы күші. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Жас Қыран» сыйлығы – жас буынның еңбегін бағалап, болашаққа деген сенімін арттыру мақсатында қолға алынған маңызды бастама. Әскери, медициналық, білім беру, спорт және өзге де салаларда аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандардың табысы – қаламыздың дамуының кепілі. Елдің ертеңі – сіздер, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
«Жас Қыран – 2025» қалалық жастар сыйлығының жеңімпаздары:
• «Үздік полиция қызметкері» – Ақылбек Айжігітов, Ақтау қаласы Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі учаскелік инспекторы, полиция капитаны;
• «Үздік дәрігер» – Медина Қойшыбай, №2 қалалық емхананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің акушеркасы;
• «Үздік құтқарушы» – Сәдірқожа Кенжеғалиев, Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бас маманы;
• «Үздік мәдениет қызметкері» – Бағлан Игдирбай, Нұрмұқан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының актері;
• «Үздік жұмысшы маман» – Болатбек Әділов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ бұрғылау және күрделі жөндеу бөлімінің инженері;
• «Үздік спортшы» – Төрекен Қобланов, «Жас батыр» спорт мектебінің дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы;
• «Үздік журналист» – Махаббат Нұржанқызы, «31 арна» телерадио компаниясының «Информбюро» бағдарламасының өңірдегі меншікті тілшісі;
• «Үздік IT маман» – Жұлдызай Мектепова, Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің арнайы пән оқытушысы;
• «Үздік кәсіпкер» – Нұрболат Тұрсынбаев, «Айым» гүл орталығы мен наубайханасының негізін қалаушы;
• «Жылдың үздік белсендісі» – Шынар Құрмет, «Ай-шуақ» қоғамдық ұйымының басшысы, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Сонымен қатар шара барысында Ақтау қаласында жастар саясатының дамуына үлес қосқан білім беру ұйымдарының тәрбие бағытындағы қызметкерлері мен белсенді жас азаматтар қала әкімдігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі