«Таза Қазақстан»: Ақтауда қоқыс шығару қызметін көрсететін жаңа компаниямен келісім-шарт жасалды

«Таза Қазақстан»: Ақтауда қоқыс шығару қызметін көрсететін жаңа компаниямен келісім-шарт жасалды

Ақтау қалалық әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне қатысты жиын өтті. Кездесу барысында қала аумағында қолданылып келген қоқыс контейнерлерінің ескіруі, олардың басым бөлігінің бүлінгені атап өтілді.

Осыған байланысты Ақтау қаласының әкімдігі «Zero Waste» ЖШС-мен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару қызметін жаңғыртуға бағытталған келісім-шарт жасасты.

Келісім аясында қаладағы қоқыс жинау алаңдарына заманауи еуростандартқа сай контейнерлер мен арнайы қоқыс шығару техникалары жеткізіледі. Өткен аптадан бастап 1 және 4-шағын аудандарға көлемі 1,1 текше метр болатын, кез келген ауа райына бейімделген пластикалық еуроконтейнерлер орнатылуда.

Тығыз жабылатын қақпағы жаңбыр мен қар суының ішке түсуіне жол бермейді, қалдықтардың жинақталуын оңтайландырады және жағымсыз иістің таралуына тосқауыл болады. Сонымен қатар контейнерлер арнайы техниканың көмегімен көтеріліп, қалдықтарды жүктеу процесін жеңілдетеді. Қоқыс жинау алаңдары қоршалып, күн сайын белгіленген уақытта тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, «Zero Waste» ЖШС жақын күндері жаңа арнайы техникасын жеткізуді жоспарлап отыр. Желтоқсан айынан бастап қаладағы барлық шағын аудандарға жаңа қоқыс контейнерлері кезең-кезеңімен орнатылады.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі