Ақтауда 9 мыңнан астам тұрғын көлік салығын төлемеген

Ақтауда 9 мыңнан астам тұрғын көлік салығын төлемеген

Бүгін, 6 қараша күні Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы қала әкімдігі және полиция басқармасымен бірлесіп, көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтарға қатысты рейдтік іс-шара өткізді.

Шара барысында көлік құралдарына қойылған шектеулер тексеріліп, салықтық берешегі бар автокөліктер айыппұл тұрағына жеткізілді. Заң талаптарына сәйкес, салық міндеттемелерін орындамаған көлік иелеріне қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылып жатыр.

— Аталған жұмыстардың басты мақсаты – азаматтардың салық төлеу мәдениетін арттырып, мемлекет бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру, — деді Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Мирас Назарбаев.

Басқарманың мәліметінше, бүгінде Ақтау қаласында 9606 тұрғынның жалпы сомасы шамамен 700 миллион теңгені құрайтын көлік салығы бойынша берешегі бар. Бұл тұлғаларға қатысты салық берешегін өндіру туралы қаулылар шығарылып, материалдар жеке сот орындаушыларына жолданған. Айта кетейік мұндай рейдтік шара күнделікті жалғасады.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі