«Айтылды – орындалды»: Ақтауда 1-шағын ауданда 50 түп ағаш отырғызылды

«Айтылды – орындалды»: Ақтауда 1-шағын ауданда 50 түп ағаш отырғызылды

Ақтау қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 1-шағын ауданның 33-үйі маңындағы аллея аумағында ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Бұл шара — бұған дейін қала әкімдігінің өкілдері тұрғындарға берген уәденің нақты орындалуы.

Тұрғындардың ұсынысына сәйкес, аллея аумағын көгалдандыру мақсатында Ақтау қаласы әкімдігі мен мердігер мекеме тарапынан жалпы биіктігі 3–3,5 метр болатын 50 түп акация ағашы отырғызылды. Іс-шараға мердігер ұйым қызметкерлерімен қатар жергілікті тұрғындар да белсенді түрде атсалысты.

— Отырғызылып жатқан акация ағаштары жергілікті климатқа бейімделген. Олар ыстыққа да, салқынға да төзімді. Көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады, — деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Нұрбол Әділов.

Айта кетейік, күзгі ағаш отырғызу маусымы аясында Ақтау қаласы бойынша жалпы саны 2000-ға жуық акация, үйеңкі (клен), платан және өзге де жапырақты ағаш түрлерін отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, желден қорғайтын жасыл желектердің айналасына қоршау орнату да көзделіп отыр.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі