
Бұл туралы бүгін қала әкімінің қатысуымен өткен 4 және 4а шағыг аудандарының тұрғындарымен өткен кездесуде қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы жылдары 4-шағынауданда ауқымды абаттандыру жобасы жүзеге асырылады.
- Қазіргі таңда кешенді жобаның сметалық құжаттамалары дайындалып, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында аулаларды абаттандыру, жаяу жүргінші жолдарын жөндеу, балалар ойын және спорт алаңдарын салу жоспарланған, — деді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Біржан Маратұлы.
Кездесу барысында шағын аудан тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу, аулаларды көгалдандыру, көше жарығын жақсарту, балалар және спорт алаңдарын орнату, автотұрақ салу, сондай-ақ қоқыс жәшіктері мен контейнерлерді орналастыру мәселелері қозғалды.
Қойылған барлық сұрақтар мен өтініштерге қала әкімі Әбілқайыр Байпақов толық жауап беріп, көтерілген ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданып, жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді.
- Біз үшін әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Қаланың инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру – ортақ міндет. Сондықтан бүгінгі кездесу барысында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескеріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, — деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындармен кездесуі әр апта сайын жалғасады.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі