Құрметті ақтаулықтар, қадірлі жерлестер!

Құрметті ақтаулықтар, қадірлі жерлестер!
1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, халқымыздың өз тағдырын өзі айқындауға деген тарихи қадамы басталды. Бұл – ел болашағына бағыт сілтеген аса маңызды құжат еді. Егемендік декларациясы қазақ елінің жаңа тарихының парағын ашып, Тәуелсіздікке жол салды.

Бүгінде Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің ордасы, әлемге үнін танытқан, экономикалық қуаты артып, мәдениеті өркендеген мемлекет. Еліміздің осындай биіктерге жетуі – халықтың бірлігі мен ел басшылығының сындарлы саясатының жемісі. Әрбір азаматтың адал еңбегі мен елжандылығы осы жетістіктердің негізі болып табылады. Қазақстан бүгінде дамыған, көпұлтты, тұрақты мемлекет ретінде әлемге танылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сарабдал саясаты мен халықтың ынтымағы арқасында еліміздің мәртебесі артып, халықаралық беделі нығайып келеді.

Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау өңірі мен Ақтау қаласы да еліміздің экономикалық және индустриялық дамуына айрықша үлес қосты. Ақтау – Қазақстанның теңіз қақпасы, Каспий жағалауындағы стратегиялық қала. Бүгінде Ақтау арқылы халықаралық сауда, транзит және көлік-логистика желілері дамып, еліміздің Еуразия кеңістігіндегі маңызы артып келеді. Қалада мұнай-газ саласы, көлік инфрақұрылымы, құрылыс және кәсіпкерлік салалары қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Тәуелсіздік жылдарында Ақтау тек өндірістік әлеуетімен ғана емес, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан да айтарлықтай дамыды. Қалада білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандары салынды, теңіз жағалауы абаттандырылып, жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерді. Ақтау – жастар қаласы, инновация мен серпінді жобалар алаңы. “Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы” жобасы аясында қала халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени орталыққа айналды.

Республика күні – халқымыздың мемлекеттілігін дәріптейтін, еркіндік пен елдік құндылықтарды айшықтайтын мереке. Бұл күн – өткенге тағзым етіп, тарихи жолымызды бағалайтын, келешекке сеніммен қарайтын қастерлі күн. Республика ұғымы – халық билігі, ел еркіндігі, ұлт бірлігі. Сондықтан әрқайсымыз Отанымызды сүйіп, ел дамуына үлес қосу – азаматтық парыз екенін сезінуіміз қажет.

Біз туған жердің өркендеуіне, өңіріміздің дамуына үлес қосу арқылы Отанымыздың игілігіне қызмет етеміз. Бірлік бар жерде – береке, ынтымақ бар жерде – ырыс бар. Еліміздің болашағы үшін әрқайсымыздың қажырлы еңбегіміз бен ортақ мүддеге деген адалдығымыз аса маңызды. Республикамыз мәңгі жасай берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ел еңсесі әрдайым жоғары болғай!

Ізгі тілекпен,
Ақтау қаласының әкәмі Әбілқайыр Байпақов