Маңғыстауда Республика күніне орай зияткерлік «Quiz» сайысы өтті

Маңғыстауда Республика күніне орай зияткерлік «Quiz» сайысы өтті
Ақтауда мемлекеттік қызметшілер арасында 25 қазан - Республика күніне орай
«Адал қоғам» атты зияткерлік «Quiz» сайысы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Сайыс облыстық, қалалық және аудандық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында ұйымдастырылды. Жарыста мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен құралған 15 топ 7 кезең бойынша бақ сынады.

– Жобаның басты мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру. Мемлекеттік қызметшілердің адалдық, ашықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қағидалары жөніндегі білімін арттыру мақсатында бүгін мемлекеттік кызметшілер арасында интеллектуалды «Quiz» ойынын өткізіп отырмыз. Бұл жай ғана сайыс емес, шапшаң ойлау мен тапқырлыққа шыңдайтын бәйге, - деді «GUMOL» әлеуметтік-инновациялық орталығының жоба үйлестірушісі Лаура Сәрсенбаева.

Сонымен қатар, аталған жоба аясында оқу тренинтренингі және ақпараттық акцияларды ұйымдастыру жоспарланған.

Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Өмірзақ ауылы әкімінің аппараты, 2-орынды Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімі, 3- орынды Бейнеу ауданы әкімінің аппараты иеленген.