
24 қазан – кітапханашылар күні. Осыған орай Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп бірқатар сала мамандарын қабылдап, құрмет көрсетті.
Қала әкімінің орынбасары кездесуде кітап пен кітапхананың маңыздылығына тоқталып, қос құндылықтың қадірлі мамандарына, олардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті.
- Кітапхана – өркениеттің ордасы, білімнің қазынасы, руханияттың алтын бесігі. Сол орданы ұстап отырған сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Қазір технология қарыштап дамыған заманда жасанды интеллект туралы жиі айтылғанымен, кітапхананың орны әрдайым ерекше. Ұлы ойшыл Мұхтар Әуезовтің «Халықпен халықты теңестіретін – білім» деген сөзі бар. Білімнің бастауы – кітап, ал оны ұрпаққа жеткізуші – кітапханашы. Осы асыл мұраны сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап отырған сіздерге алғысымыз шексіз, – деді Бекзат Жүсіп.
Мерекелік басқосуда осы салада еңбек етіп келе жатқан бір топ кітапханашыларға қала әкімінің Алғысы табысталып, арнайы сый-құрмет көрсетілді.
Өз кезегінде кітапханашылар атынан Ақтау қалалық орталық кітапхана директоры Гүлмира Қуанбаева әріптестерін мерекемен құттықтап, айтулы күнді ескерусіз қалдырмай, құрмет білдіріп жатқан қала әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі