Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Есенов 28А шағын ауданның белсенді тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар тарапынан қызмет көрсетуші мекеме жұмысына қатысты наразылықтар айтылды. Олардың ішінде аулалар мен кіреберістің тазалығы, жертөледегі иіс, құбырлардың жәй-күйі сынды мәселелер көтерілді.
- 28а - 11 тұрғын үйі бар алақандай шағын аудан. Бәрімізде ОСИ-дың проблемасы. 2 жарым жыл болды отырғанына, ешқандай жұмыс жасамайды. Тек ақша жинап отыр, – деді тұрғын.
Қала әкімінің орынбасары азаматтарға тұрғын үйді басқару және күтіп-ұстау мәселелерін шешу ең алдымен өздерінің қолында екенін түсіндірді. Ол басқарушы мекемені ауыстыру, төрағаны қайта сайлау немесе қаржы жұмсалуына қатысты шешімдерді тек меншік иелері өздері қабылдай алатынын атап өтті.
- Мұндай шешімдер тек жалпы жиналыс арқылы жүзеге асырылады және ол хаттамада міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл хаттама — тұрғындардың ортақ шешімін растайтын заңды құжат болып саналады, - деді Бауыржан Есенов.
Кездесу барысында қызмет көрсетуші мекемелерге наразы тұрғындарға бастамашыл топ құру ұсынылды. Бұл топ жиналысты ұйымдастырып, тұрғындардың пікірін жинақтайды.
Жалпы жиында төрағаны ауыстыру, үй кеңесін жаңарту, тексеру комиссиясын қайта құру және қаржының қалай жұмсалғанына аудит жүргізу мәселелері де талқыланды.
Сонымен қатар, тұрғындар басқарушы мекемені өзгертуге немесе тікелей сервистік және қызмет көрсетуші ұйымдармен келісімшарт жасауға құқылы. Бұл тұрғындарға қаржының қалай және қайда жұмсалып жатқанын ашық әрі түсінікті бақылауға мүмкіндік береді.
- Тұрғын үй мүлік иелерінің бірлестігі — әділет департаментінде тіркелген заңды тұлға. Сондықтан төрағаны әкімшілік емес, тұрғындардың өздері сайлайды, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Нурадин Көшербаев.
Жиын барысында әкімдік өкілдері тұрғындарға өз құқықтарын тиімді пайдаланып, үйдің жағдайын жақсарту үшін ортақ шешім қабылдаудың маңыздылығын түсіндірді. Жиын қорытындысы бойынша тұрғындарға заң аясында әрекет ету және бастамашыл топтың көмегімен нақты нәтижеге қол жеткізу жолдары ұсынылды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі