Бұл туралы бүгін аппараттық жиында айтылды. Қала әкімінің міндетін атқарушы Ерғали Скендировтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы және өзге де өзекті мәселелер қаралып, жауапты мекеме және бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
Жыл аяқталуға жақын. Бюджет қаржысының әрбір тиыны тиімді әрі уақытылы игерілу міндетті. Салықтық түсімдердің орындалуы да маңызды. Сондай-ақ жиын барысында жылу беру мәселелері қаралды. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандарға және көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру жұмыстары жүріп жатыр. Жауапты мекеме мамандары жылудың уақытылы берілуін үнемі бақылауда ұстау керек.
Тағы бір маңызды мәселе шаһардағы санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру ісі. Тазалық мәселесін ұдайы назарда ұстап, күзгі ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарын күшейту керек.
Кеңес қорытындысында Ерғали Скендиров барлық бағыттағы жұмыстардың тиімді әрі жүйелі ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді жауапты тұлғаларға тапсырды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі