Абаттандыру, тазалық: Ақтауда жүрмелі жиын өтті

Абаттандыру, тазалық: Ақтауда жүрмелі жиын өтті
Бүгін Ақтауда қала әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Сәркеновтың төрағалығымен шаһардың абаттандыру және санитарлық тазалық мәселесіне қатысты жүрмелі жиын өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары, жауапты сала мамандары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Жиын барысында Ерлан Сәркенов алдымен құрылыс нысандары аумағындағы тазалықты тексерді. Белгілі болғандай бірқатар құрылыс ғимараттарының аумағы санитарлық талапқа сай емес. Қала әкімінің міндетін атқарушы жауаптыларға анықталған кемшіліктерді апта аяғына дейін толық жою жөнінде нақты тапсырма берді.

Жүрмелі жиын өкілдері кезекті кәсіпкерлік нысандарды аралады. Ғимараттардың аумағындағы бей-берекет шашылған қоқыс үйінділері анықталып, жауапты тұлғаларға ескерту берілді. Жиын соңында тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында тазалық тәртібін қадағалау жұмыстарын күшейтуд тапсырылды.

- Қалада санитарлық тазалық басты назарда. Әсіресе ірі көлемді қоқыс қалдықтарын дер кезінде шығарып, абаттандыру талаптарын сақтау қажет. Бұл жұмыстар апта соңына дейін толық орындалуы тиіс, – деді қала әкімінің м.а Ерлан Саркенов.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі