Айрақтының баурайында өткен шұбат фестивалі кезінде қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысқан гала-концерт өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени іс-шарада көрермендерге ерекше шоу ұсынылды.
Аталған кеште симфониялық оркестр, диджейлер мен рэп орындаушылар өнер көрсетіп, концертке заманауи реңк бере түсті. Гала-концерттің басты хедлайнері - Ерке Есмахан, Raim, Luina, Amre, Yenlik және «Ұлытау» тобы болды.
- Бүгінгі фестиваль ерекше өтіп жатыр. Бірнеше әндерімді орындадым. Айрақтының баурайында ән айту маған ерекше сезім сыйлады. Маңғыстаулықтарға мың алғыс. Нағыз қонақжай, рухы биік халықсыздар, — деді кеш барысында әнші Yenlik.
Фестиваль кезінде мәдени кешке 15 мыңнан астам көрермен жиналды. Көпшілік ерекше көңіл-күймен бөлісіп, өңірдің мәдени өміріне серпін беретін осындай шаралардың жиі ұйымдастырылу қажеттігін атады.
- Биыл Маңғыстау өңірі үшін тарихи жыл болды. Облысымыз ұлттық киіммен Гиннесс рекордын орнатып, «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2025» деген мәртебеге ие болды. Бұл - барша маңғыстаулық үшін үлкен мақтаныш, - деді маңғыстаулық Жәмила Дәуқараева.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі