Ақтауда халықаралық балалар шығармашылық фестивалі басталды

Ақтауда халықаралық балалар шығармашылық фестивалі басталды

15 тамыз күні Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2025» жобасы аясында халықаралық «Өнерлі өрен» балалар шығармашылық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп қатысты.

Фестивальге Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресейдің Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Қырым өңірлерінен, сондай-ақ Қазақстанның әр аймағынан келген жас таланттар қатысуда. Олар вокал, хореография, инструменталды орындау және бейнелеу өнері номинацияларында өнер көрсетеді. Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін арнады.

- Бұл тек қана өнер додасы емес, достық пен татулықтың, бірлік пен ынтымақтың мерекесі деп ойлаймын. Түбі бір түркі жұртының әр түкпірінен келген жас өнерпаздар бақ сынасып қана қоймай, өз мәдениетін таныстырады. Жарқын жеңісті сәттеріңіз көп болсын, жас достар, – деді қала әкімінің орынбасары.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі