12 тамыздан бастап Ақтау қаласында әлеуметтік қолдау аясында қоғамдық көліктерде тегін және жеңілдікпен жүру жүйесі ресми түрде іске қосылды.
Аталған жүйе қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған елеулі қадам. Бұл бастама 27 маусымда Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың тұрғындармен өткен есептік кездесуінде көтерілген еді. Жиын барысында қала тұрғыны зейнеткерлерге қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік қарастыруды ұсынған. Әкім бұл ұсынысты жылы қабылдап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Міне, арада көп уақыт өтпей-ақ, ел тілегі жүзеге асты.
Жүйені жүзеге асыру үшін қала әкімдігі арнайы әлеуметтік төлем карталарын дайындап, жеңілдікке ие санаттағы азаматтарға таратып жатыр. Қазіргі таңда бұл карталар 4-шағын аудандағы №72 ғимаратта берілуде. Картаны алу үшін жеке басын куәландыратын және жеңілдік санатын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Айта кету керек, жеңілдіктер тек әлеуметтік осал топтарға ғана емес, зейнет жасындағы азаматтарға да қарастырылған. Атап айтқанда:
• 70 жасқа дейінгі зейнеткерлерге қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 50% жеңілдікпен ұсынылса,
• 70 жастан асқан тұрғындар үшін бұл қызмет толығымен тегін болады.
Әлеуметтік картаны алғашқылардың бірі болып алып үлгерген зейнеткерлер өз ризашылықтарын білдіріп, бастамаға жоғары баға беріп отыр. Олар бұл қадамды қала әкімдігі тарапынан жасалған шынайы қамқорлықтың айғағы ретінде қабылдауда.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі