Ақтау қаласы әкімінің орынбасары бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты “Жанұя” отбасын қолдау орталығы, Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және Ақтау әлеуметтік бейімдеу орталығының жұмысымен танысты.

«Жанұя» отбасын қолдау орталығының қызметкерлері көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға, жалғыз басты аналарға және мүгедектігі бар тұрғындарға заңнамалар бойынша кеңес береді, психологиялық көмек көрсетеді. Жыл басынан бері 613 адамға қол ұшын созған.

Ақтау қалалық бейімдеу орталығының қызметкерлері тұрғылықты жері жоқ адамдарға, жазасын өтеп шыққан, пробация есебінде тұрғандарға әлеуметтік бейімдеу бағытында қызмет көрсетеді. Қазір орталықта 20-ға жуық адам жатыр. Мамандардың айтуынша, күн суытқанда орталықты паналаушылар көбейе түседі.

Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары жалғыз басты зейнеткерлерге, мүгедектігі бар ересектер мен балаларға үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Қазір тірек қимыл аппараты бұзылған және психо-неврологиялық ауытқушылыққа ұшыраған 132 науқас бар. Ең кішісі 1,5 жаста. Психоневрологиялық диагноз қойылған 12 ересек адам, 520 жалғыз басты қарт пен І және ІІ топ мүгедектігі бар жандар орталық қызметкерлерінің көмегіне жүгініп отыр.

Бекзат Жүсіп сапар барысында қаланың әлеуметтік даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысып, жауапты сала басшыларының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

- Осы күнге дейін атқарылған іс аз емес. Жауапты қызметкерлер айтты, аралатып көрсетті. Шешімін күткен мәселелер де бар. Жоспар бойынша жүзеге асыруымыз қажет, – деді қала әкімінің орынбасары.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі