Өткен сенбіде Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Шараның негізгі мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету және делдалсыз сауда жүргізу арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
Жәрмеңкеге 80-ге жуық кәсіпкер қатысып келеді. Олардың қатарында жергілікті шаруа қожалықтары, көтерме жеткізушілер мен азық-түлік өндірушілер бар. Сауда сөрелерінде ет пен сүт өнімдері, табиғи сүт өнімдері мен бал, үй шұжығы, кептірілген жеміс-жидек, көкөніс пен басқа да күнделікті тұтынуға қажетті өнімдер нарықтағы бағаға қарағанда жеңілдетілген бағада ұсынылуда.
- Жәрмеңке тұрғындарға сапалы, экологиялық таза өнімді делдалсыз, қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара – жергілікті кәсіпкерлерге өз тауарын тікелей өткізуге жағдай жасайды, – деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Диас Дүйсенбаев.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әр аптаның сенбі күні 26-шағын ауданда орналасқан “Қасиет” емханасына қарама-қарсы автотұрақ алаңында, сағат 9:00-18:00 аралығында өтеді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі