«Жер-2025»: Ақтау әкімдігінде республикалық оқу-жаттығу дайындығы пысықталды

«Жер-2025»: Ақтау әкімдігінде республикалық оқу-жаттығу дайындығы пысықталды

18 шілде күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Скендіровтың төрағалығымен «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындығына қатысты жиын өтті.

Жиын барысында қалалық азаматтық қорғау саласының өзекті мәселелері көтеріліп, оқу-жаттығу жоспары талқыланды. Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, полковник Бауыржан Оңғарбаев пен қала әкімінің аппаратының төтенше жағдайлар, жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы Манарбек Мұханбетов алдағы іс-шараның бағыты бойынша баяндама жасады.Сала мамандары оқу-жаттығу аясында төтенше жағдайларға жедел ден қою, күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын үйлестіру, эвакуациялау іс-шараларын ұйымдастыру бағытындағы мәселелер қаралды.

- Оқу-жаттығудың басты мақсаты – төтенше жағдай туындаған сәттегі азаматтық қорғаныс құрылымдарының нақты әрекетін тексеру және дайындығын пысықтау. Сондықтан әрбір сала өзіне жүктелген міндеттерін уақытылы әрі жедел орындауы тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Скендіров.

Айта кетейік, «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы республика аумағында бір мезетте өткізіледі. Ақтауда бұл іс-шара 23-25 шілде күндері арнайы саптық тексеру ұйымдастырылып, оған барлық жауапты құрылымдар мен бөлімшелер тартылатын болады.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі