Ақтау қаласында ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты электрмен жабдықтау желілеріне түсетін жүктеме шамадан тыс артып, бірқатар шағынаудандарда апаттық жағдайлар орын алды. Қазіргі таңда орын алған ақауларды жою және жүйені қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев айтты.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда Ақтау қаласы бойынша жалпы ұзындығы 485 шақырымды құрайтын электр желісі бар. Оның 66%-ы, яғни шамамен 320 шақырымы тозған.
-Апаттық жағдайларды болдырмау, тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету және желілердің тозуын азайту мақсатында ұзындығы 74 шақырымды құрайтын, ескі және тозған 6 бірлік РП6/10кВ кабельдік желілерін жаңарту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта осы жұмыстарға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жөндеу-келтіру жұмыстары шілде айының соңына дейін басталады, - деді Бексұлтан Шалабаев.
«Ақтау электр желілері басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Этирбек Махамбетовтың айтуынша, мекеме тарапынан жедел түрде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
-13 шілде күні - 11, 14 шілде күні - 15, ал бүгін - 3 апаттық жағдай тіркелді. Қазір электр желілеріндегі ақауларды жою мақсатында 3 - оперативтік апаттық бригада, кабель желілерін жөндеу қызметіне - 4 бригада, электротехникалық зертханаға - 4 бригада және 2 трактор тартылды, - деді Этирбек Махамбетов.
Сондай-ақ брифинг барысында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров өңірде электр энергиясының баламалы көздерін дамытуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.
– 2024 жылы Қытайлық Huadian компаниясымен Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ, өткен жылы Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар. Сонымен қатар, 2024 жылы Қарақия ауданының Жетібай ауылында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл нысан 2025 жылғы мамырда пайдалануға берілді. Ал биыл Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында қуаттылығы 20 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025–2027 жылдар аралығын қамтиды,- деді Нұрлан Орынбасаров.
Спикерлер брифинг соңында әлеуметтік желілерде таралып жатқан электр қуатын ажырату кестесіне қатысты ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, тұрғындарды жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды. Мамандар тарапынан соңғы жағдайларға байланысты ешқандай ресми кесте таратылмаған.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі