Ақтауда ұлттық домбыра күні аталып өтті

Ақтауда ұлттық домбыра күні аталып өтті

6 шілде күні Ақтау қаласындағы «Амфитеатр» алаңында ұлттық домбыра күніне арналған «Даламның үні – домбыра» атты мерекелік концерт өтті.

Салтанатты шарада өнерімен өрге жүзген, ұлттық мұраны ұлықтаған дарынды тұлғалар, домбыраның даусына жан бітірген, күймен сөйлеп, әнмен сыр шерткен жергілікті талант иелері өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Інжу» домбыра студиясы, «Шабыт», «Жас қыран», «Өрлеу», «Бақыт» ансамбльдері және қаладағы өнер мектептерінің шәкірттері сахнаның ажарын ашты.

- Қазақ қуанса домбыра шертеді, қазақ мұңайса домбырамен сыр шертеді. Домбыраның үні – қазақтың жүрек лүпілі. Өнерпаздарымыздың орындауындағы әр күй, әр ән көрерменді рухтандырды. Бұл — ұлттың үнін ұлықтаған шынайы мереке. Баршаңызды ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел аман, өнеріміз өрісті болсын! – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, дәулескер күйші Сержан Шакрат.

Кеш соңында барша өнерпаздар бірігіп Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындап, мерекелік кешті әсерлі нотамен аяқтады.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі