Бүгін, 4 шілде күні Ақтау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік және тұрмыстық бейімдеу орталығына арнайы автокөлік табысталды. Сыйлықты Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру «Тика» агенттігі ұсынды.
Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Түркия Республикасының Ақтаудағы Бас консулы Сабри Альптекин, «Тика» агенттігінің өкілдері, қала тұрғындары және қоғам белсенділері қатысты.
- Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамның ажырамас мүшесі деп білеміз. Олардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау - күн тәртібінен түспейтін маңызды міндет. Осы игі іске атсалысып отырған бауырлас түрік халқына және демеушілерге алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Шарада Түркия Республикасының өкілдері оңалту орталығына көлік кілтін ресми табыстап, құттықтау тілегін жеткізді. Өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар түрік халқының сый-құрметіне ризашылығын білдірді.
- Биыл бізге түрік халқының осы оңалту орталығын жөндеу жұмысын, ішіне керек жабдықтарын жасап берді. Сол кезде кездесуде олардың уәделері болды, келесі жылы сіздерге инватакси көлігін сыға тартамыз деген. Міне, бүгін куә болғандай түрік халқы бізге осындай жаңа көлік берді. Бүкіл түрік халқына алғысымызды білдіреміз. Баршамызға денсауылық, бауырластығымыз, достығымыз күшейе берсін. Рақмет барлығыңызға, - деді «KAZAKHSTAN ACTIVE REHABILITATION» қоғамдық қорының директоры Руслан Гайбатов.
Айта кетейік, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік және тұрмыстық бейімдеу орталығы» 2024 жылдың желтоқсан айында Ақтау қаласы әкімдігінің, «Kazakhstan Active Rehabilitation» қоғамдық қорының және «Тика» агенттігінің қолдауымен ашылған болатын. Орталықта омыртқа мен жұлын жарақатын алған, сондай-ақ басқа да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік және тұрмыстық бейімделу бағытында кешенді қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі