Ақтауда өткен фестиваль фотосы Ұлыбританияның The Guardian басылымында үздік деп танылды

Ақтауда өткен фестиваль фотосы Ұлыбританияның The Guardian басылымында үздік деп танылды
Әлемнің беделді басылымдарының бірі — Ұлыбританияның The Guardian газеті Ақтауда өткен «Даламен үндес баба өнер» қолөнер шеберлері фестивалінің фотосуретін «Күннің үздік фотосы» айдарымен жариялады.

Аталған фотосурет The Guardian басылымының арнайы редакциялық тобының іріктеуінен өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен таңдалған ең үздік фотосуреттер қатарына енді. Бұл – отандық қолөнер мен мәдениетімізді әлемдік деңгейде әйгілеудің бір дәлелі. Фотосурет авторы: түркиялық фотосуретші Элькин Эскипехливан.

Еске сала кетейік, «Даламен үндес баба өнер» халықаралық фестивалі Ақтау қаласында өтті. Іс-шараға Қазақстанның және шетелдің түрлі өңірлерінен келген қолөнер шеберлері қатысып, өз туындыларын ұсынды. Фестиваль аясында жәрмеңкелер, көрмелер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қонақтар ұлттық дәстүрлермен танысты.

Фестивальдің басты мақсаты – дәстүрлі өнерді дәріптеу, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру және әлемдік деңгейде қазақ қолөнерінің мәртебесін арттыру.

Сілтеме: https://www.theguardian.com/news/gallery/2025/jul/02/wildfires-wet-wimbledon-and-a-feline-festival-photos-of-the-day-wednesday
 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі