Нұрдәулет Қилыбай ауыз су өндірумен айналысатын германиялық инвесторларды қабылдады

Нұрдәулет Қилыбай ауыз су өндірумен айналысатын германиялық инвесторларды қабылдады

3 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Германияның су тазарту және сумен қамтамасыз ету технологияларын әзірлеуде жетекші орын алатын «Bioworks» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Басқосуда өңірдегі су тапшылығын шешуге бағытталған жобалар, соның ішінде су тұшыту зауытының құрылысы мен КОС-1 кәріздік тазарту станциясын жаңғырту мәселелері талқыланды.

«Bioworks» - әлемдік нарықта экологиялық қауіпсіз, заманауи технологияларға негізделген су тазарту шешімдерін ұсынатын танымал кәсіпорын. Компанияның инновациялық технологиялары су ресурстарын тиімді пайдалануға, тазартылған суды қайта қолдану мүмкіндігін кеңейтуге, құрылыс шығындарын азайтуға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге бағытталған.

Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кез келген бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

- Қазіргі таңда өңірде су тапшылығын толықтай жою мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Біз халықтың әл-ауқатын жақсартуға және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған барлық жобаларды қолдауға әзірміз. Инвесторлармен, технологиялық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу біз үшін маңызды. Алдағы уақытта жобаларды пысықтап, тиісті шешімдер қабылдаймыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі