Ақтауда «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті

Ақтауда «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті
Ақтауда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны аясында Атырау облысының делегациясын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Іс-шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Басты мақсат - жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ардагерлердің өсиетін насихаттау және ұрпақтар сабақтастықты нығайту.

Марафонға Ақтау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Қаржаубай Аққұлов, жастар ұйымдарының өкілдері және өңірдің белсенді жастары қатысты.

Атырау облыстық делегациясын қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Мутигуллин бастап келді.

-Бүгін Атырау қаласынан үлкен аманатты арқалап Маңғыстау өңіріне келдік. Ақтөбе қаласынан бастау алған бұл марафонды Батыс Қазақстан облысы қабылдап, бізге табыстады. Қазақ халқы қашанда үлкендерді құрметтеп, аманат пен өсиетке ерекше мән берген. Осы марафон арқылы біз ардагерлердің жастарға арналған жүрекжарды сөздерін оқып, кеңінен дәріптедік, – деді Еркебұлан Мутигуллин.

Енді «Ардагер өсиеті» хаты Қызылорда облысына жол тартады.

Марафоннан кейін өңір жастары тыл ардагерлері Жолекен Байжауынова мен Күмбетбай Әлібекұлының үйлеріне барып, өсиет хатты оқып беріп, алғыстарын білдірді.
 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі