Қаланың автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында ұзындығы 2,1 шақырым 3 автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімі есептік кездесуде айтты.
Орташа жөндеу жұмыстары Ақтау қаласы 27-шағын аудандағы ұзындығы 935 метр «Сити Центр» сауда кешенінен бастап «Байтерек» СО дейінгі автомобиль жолы, 4-шағын аудандағы ұзындығы – 590 метр болатын Т.Шевченко ескерткіші алаңының арасындағы автомобиль жолы және 6-шағын аудан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен 6А-шағын аудандағы «Дана» дүкен қиылысына дейінгі ұзындығы 575 метр автомобиль жолдарында жүргізілмек.
- Жұмыстарды жүргізуге қаражат бөлініп, бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары шілде айында басталады, деді қала әкімі.
Бұдан бөлек автомобиль жолының инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 3 автомобиль жолын қайта құрылымдау бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сондай-ақ «Нұрас» жанар-жағармай станциясынан Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына дейінгі автомобиль жолын жаңарту, 39-40 шағын аудандары аралығындағы №27 автомобиль жолын салу, 19а, 20, 20а ықшам ауданы бойында ұзындығы № 26 автожолын салу жұмыстары жүргізілуде.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі