Бүгін, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай республикалық телеарналардың облыстағы меншікті тілшілерін, телеарна, газет пен сайт қызметкерлерін құттықтады.
Жиын барысында қала әкімі БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдіріп, Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хат табыстады.
- Сіздер үнемі қала тұрғындары, билік өкілдері және еңбек адамдарымен біте қайнасып жүресіздер. Шынын айтқанда, журналист мамандығының абыройы да осы. Мысалы, сіздер мұнайшының да, мұғалімнің де өмірі туралы қалам тербейсіздер. Журналистиканың араласпайтын саласы жоқ деуге болады. Бұл саланың төртінші билік деп бекер аталмағаны да содан. Мерекелеріңіз құтты болсын, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Марапатталғандардың қатарында «Қазақстан», «Хабар», «31 арна», «Астана», «Алматы», «Атамекен», «Жібек жолы» республикалық телеарналарының меншікті тілшілері, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті, «Маңғыстау» телеарнасы, «Otpan.news» сайты, «Огни Мангистау» және «Маңғыстау» газеттерінің, Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығы» мен «Закон.кз» және «Лада» сайттарының тілшілері бар.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі