Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады. Ақпарат саласының үздігі, маңғыстаулық белгілі журналист Лаура Тындырғанова «Шапағат» медалімен марапатталды. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында 20 жылға жуық уақыт нәтижелі еңбек етіп келеді.
Лаура Тындырғанова бірқатар БАҚ еңбек етті. Еңбек жолын 2007 жылы Маңғыстау ауданындағы «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, кейін сол газеттің бас редакторы, «Мұнайлы» газетінде тілші, жауапты хатшы, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының меншікті тілшісі, «Маңғыстау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі басшысының орынбасары, «Маңғыстау» телеарнасында жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы, «Маңғыстау» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Қазір «Маңғыстау-Медиа» серіктестігінде директордың орынбасары қызметін атқарады.
Президент, журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.
–Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі