Маңғыстауда 23 маусым күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында жарияланған «Заң мен Тәртіп» апталығы басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Акция аясында прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру департаменті және басқа да уәкілетті органдардың өкілдерімен бірге азаматтарды мобильді қабылдаулар облыстың барлық аудандары мен елді мекендерінде, оның ішінде шалғай және қолжетімсіз ауылдарда ұйымдастырылды.
Апталықтың алғашқы күнінде 200-ден астам азамат қабылданды. Азаматтардан түскен өтініштер әртүрлі сипатта болды: әлеуметтік мәселелер, қылмыстық және азаматтық істер бойынша, еңбек құқықтарын қорғау, жер даулары, алимент өндіру, тұрғын үй және т.б. мәселелерге қатысты сұрақтар.
Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тауып, азаматтар құқықтық кеңес алды. Ал кейбір жағдайларда жазбаша өтініштер қабылданып, қарауға алынды.
Акцияның негізгі мақсаты – құқық қорғау органдарының халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету және халықтың сенім деңгейін арттыру.
Мобильді форматтың арқасында елді мекендер мен аудандардың тұрғындары құқық қорғау органдары өкілдеріне тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.
«Заң мен Тәртіп» апталығы 27 маусымға дейін жалғасады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі