Ақтауда алғаш рет «ModelCup – 2025» халықаралық модельдер байқауы өтуде

Ақтауда алғаш рет «ModelCup – 2025» халықаралық модельдер байқауы өтуде
«Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында «ModelCup – 2025» халықаралық модельдер байқауы өтуде. Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тыва, Татарстан, Башқұртстан және Түркия мемлекетінен келген 80-ге жуық модель қатысуда.

Шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қатысып, байқаудың қазылар алқасына арнайы марапаттарды табыстады. Байқаудың басты мақсаты – түркі халықтарының мәдениетін насихаттау, ұлттық сәннің заманауи тенденцияларымен танысу және модельдердің шеберлігін көрсету.

-Ауқымды мәдени шара түркі әлемінің сән, өнер және бірлік рухын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Жасы 7-ден 63-ке дейінгі қатысушылар сән сахнасында ұлттық киім мен заманауи стильді үйлестіре отырып, өз елінің мәдениетін танытады. «ModelCup – 2025» — бұл тек сән байқауы ғана емес, эмоция мен шабытқа толы мәдени шоу. Сондай-ақ айтулы іс-шара Ақтаудың туристік тартымдылығын арттыруға, өңірдің шығармашылық имиджін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік бермек. Шара екі күнге созылады. Қатысушыларға шара соңында естелік медаль мен диплом, ал жеңімпаздарға қола, күміс және алтын медальдар табысталады. Гран-при иегерлері арнайы кубокқа ие болады, ал «Супер гран-при» жүлдегерлері – қаржылай сыйлықпен марапатталады, - дейді ұйымдастырушылар.

Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметіне сәйкес, бұл байқау — бастамасы ғана. Алдағы уақытта шара аясын кеңейтіп, өнер мен мәдениеттің шекарасыз екенін дәлелдейтін жобалар жалғасын таппақ.
 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі