Бүгін, 20 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен құрылысы тұралап қалған тұрғын үйлердің мәселесіне арналған кеңес өтті.
Жиналыста үлестік құрылыс және салымшылар қатысқан тұрғын үй кешендерінің жай-күйі, проблемалық нысандардың құрылысы, сондай-ақ заңсыз салынған ғимараттарға қатысты қолданылып жатқан шаралар мен оларды шешу жолдары сөз болды.
Проблемалық нысандарды кешенді түрде қарау мақсатында облыс әкімдігі жанынан ведомствоаралық комиссия құрылған. Оның құрамына облыс және қала әкімдіктері, прокуратура, барлық құқық қорғау органдары және тиісті уәкілетті органдардың өкілдері енгізілген.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Дәурен Өтепқалидың мәліметінше қазіргі уақытта Маңғыстау облысында 142-ден астам тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде оның мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 35 талап арыз түсіріліп, оның 34-і қанағаттандырылды. Бір іс медиативтік тәртіппен шешімін тапты. 5 нысан сот шешімі бойынша сүрілді. Қалған құрылыстар бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аталған бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, бұл тақырып бойынша тұрғындарға ашық ақпарат беруді тапсырды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі